ҚАРАҒАНДЫДА: 9°C
  • USD 449.58
  • EUR 486.94
  • RUB 4.86
Нашар көретіндер үшін
Карта
Мекенжайы Ғабиден Мұстафин көшесі,6/4
Телефон
Байланыс телефоны +7 (7212) 78-04-09 +7 (7212) 78-10-86

Мақалалар

«Өңірдегі насихат шарасы» Смықова А.Д.

15 Наурыз 2021 11:23

«Өңірдегі насихат шарасы»

 

Бүгінгі күн тәртібіне қойылған ең өзекті мәселенің бірі қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру болып тұр. Қарағанды облысы тілдерді дамыту жөніндегі басқармасына қарасты Ресурстық тіл орталығы облысқа қарасты өңірлерді кураторлық топтарға бөліп,  әдістемелік көмек көрсету үстінде. Сондай кураторлық топтағы Осакаров ауданының жаңа қазақ әліпбиіне көшу дайындығы туралы бірер ойымды қысқаша бергім келіп отыр.

Әліппе ауыстыру бастамасы әлі де көпшіліктің талқысына түсіп жатыр. Әліппе құрамына алынған әріптердің түр-сипаты, диакритикалық белгілерге ерекше назар аударылып, әркім өз білгенше «былай неге жазбаймыз?» деген сияқты оңай сөздерді айтудан жалықпаймыз. Ешкім ғалымдардың ғылыми негіздемелері мен қазақ тілінің тілдік заңдылықтарына мән беріп жатқан жоқ сияқты. Сырттай халықтың түсінігінде әріпті әріпке ауыстыра салып жатқандай болып көрінеді. Бірақ бәрі біз ойлағандай емес екен.

Ақпан айында Қарағанды университетінің ғалымы Б.А. Қалиев фонетист ғалым ретінде Президент тапсырмасы негізінде Осакаров ауданының мұғалімдері мен мемлекеттік қызметкерлеріне жетілдірілген әліпби жобасы жөнінде насихат шарасы ұйымдастырылды. Сонда жетілдірілген әліпбиде қазақ тілінің 28 дыбысын 31 әріппен белгілейтіндігімізді түсіндіріп, оларды өзара айыру үшін диакритикалық белгілердің түрімен таныстырды.

Диакритикалық белгілер әлем бойынша кез келген әліппеде бар. Тіпті  осы 90 жыл бойы жазып келген кирилнегізді әліппедегі әріптерге аяғын, белін сызып жүргеніміздің бәрі диакритикалық белгілер болып табылады. Тек халыққа әр әріптің мұндай ғылыми негіздемесі оқытылмай, мына әріпті былай жазасың деп үйретілген. Сондықтан әбден қолы үйреніп кеткен әліппеден арылу қиын болып жатыр. Яғни, тәуелсіздік алғанымызға 30 жыл болса да, әлі ұйқыда жүргенімізді осыдан-ақ көруге болады. Әліппемізге бөтен (ц,ч,щ,ъ,ь,ю,я) дыбыстарды қосып алып, қазақша сөйлеп жүрміз деп ойлайды екенбіз. Енді жаңа латын әліпбиінде жазып оқитын болсақ, бұл әріптер болмайды, бұл деген дыбыстау жүйеміз қазақшаланады деген сөз.

Тарихи тамыры терең тұғырлы тілімізді түлетіп, санамызды сілкінткен, заманның өзі талап еткен бұл әліпби өз тұғырына қону керек. Бұқаралық ақпарат құралдарында «Латыннегізді қазақ әліпбиі» кең көлемде насихатталуы тиіс деп ойлаймын.

Туған тіліміздің тамырына қан жүгіртіп, бабалардың аманат еткен тілін ұрпағына саф таза қалпында жеткізуге бастайтын ұлы бастаманы халқымыз сарыла күткен еді. Ел ішінде латын әліпбиінің бірыңғай стандартын енгізу мәселесі бойынша түрлі іс-шаралар өткізіліп жатыр, бұл шаралардан Осакаров ауданы да қалыс қалып жатқан жоқ. Ересектерге арналған қазақша-орысша вебинарлар ұйымдастырылса, оқушыларға арналған танымдық сағаттар өз мәнінде өткізіліп жатыр.

Сондай-ақ, әлеуметтік желіде, «Тез оқып, жазып үлгер!» атты әртүрлі тақырыптарға арналған латын графикасында жазылған айдар көпшіліктің көңілінен шықты.

 Қазіргі уақытта насихат шарасы аясында Ресурстық тіл орталығы тарапынан мемлекеттік қызметшілерге, түрлі ұйымдарға Қарағанды облысы білім басқармасымен келісім негізінде  «Жаңа әліпбидің жаңалығы» тақырыбында түсіндіру жұмыстары ұйымдастырылып жатыр. Сондай шараның бірі Оскаров ауданының мектепалды даярлық тобының және бастауыш сынып мұғалімдеріне ұйымдастырылды. Аталмыш шарада жетілдірілген әліпбидегі өзгерістер мен диакритикалық белгілер түсіндірілді. 2023 жылдан бастап осы әліппені алғаш боп кішкентай бүлдіршіндерге таныстыратын бастауыш сынып мұғалімдеріне жауапкершіліктің жоғары екендігі айтылды.

Жаңа әліпбиді насихаттау, түсіндіру шарасы өңірлерде әрі қарай жалғаса береді. Латын әліпбиіне көшу – бірдің ісі емес, көптің ісі деп ойлаймын!

Ресурстық тіл орталығының әдіскері Ә. Смықова.










Артқа қайту