Жаңалықтар
«Даналар сөзі – ақылдың көзі»
25 Қыркүйек 2024 17:30Қарағанды облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының ұйымдастыруымен 2024 жылдың 25 қыркүйегінде Қарағанды қаласындағы «Cosmonaut» қонақ үйінің конференц залында «Даналар сөзі – ақылдың көзі» атты облыстық шешендік өнер байқауы өтті. Байқауға тіл жанашырлары, журналистер, өңірлердегі тіл бөлімінің мамандары мен Қарағанды қаласының жоғарғы оқу орындарының студенттері қатысты. Облыстық шешендік өнер байқауы қазақ билерінің, жырауларының шешендік сөздерін насихаттау, шешендік өнер шеберлеріне қолдау көрсету мақсатында өткізілді. Байқауда Шахтинск, Саран, Қарағанды, Нұра, Абай, Шет өңірлерінен 18 жастан 35 жасқа дейінгі жас өнерпаздар бақтарын сынады. Әділқазылар алқасы - М.Әбдуов, Т.Әділов, І.Мұқай байқауға қатысқан үміткерлерге әділ бағаларын беріп, қорытынды шығарды. Үш кезеңнен тұратын байқаудың қорытындысы бойынша бас жүлдені Шет ауданынан А.Нұрахметов қанжығасына байласа, жүлделі 1 орынды Е.А.Бөкетов атындағы ҚарУ-дің филология факультетінің студенті Е.Нұртай иеленді. 2 орынды Шахтинск қаласының «Бастау» оқу-әдістемелік орталығының оқытушысы М.Карбаева, 3 орынды Саран қаласының жоғары гуманитарлық-техникалық колледжінің студенті А.Қадірбаева мен Қарағанды қаласының М.Әуезов атындағы орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің кітапханашысы Ф.Кебекбаева еншіледі.
Байқаудың жеңімпаздары дипломдар және арнайы сыйлықтармен марапатталды. Өзге қатысушыларға алғысхаттар берілді. Аталмыш іс-шараға белгілі айтыскер ақын Қ.Мақсұтов, тіл жанашырлары Қ.Сембиев, М.Хамзин, К.Төлеуханова және Е.Серімовтер қатысып, өскелең ұрпаққа баталарын беріп, ұйымдастырушыларға алғыстарын білдірді.