ҚАРАҒАНДЫДА: 9°C
  • USD 449.58
  • EUR 486.94
  • RUB 4.86
Нашар көретіндер үшін
Карта
Мекенжайы Ғабиден Мұстафин көшесі,6/4
Телефон
Байланыс телефоны +7 (7212) 78-04-09 +7 (7212) 78-10-86

Республика жаңалықтары

03 Желтоқсан 2021 08:56
30 жыл: ҚР машина жасау саласы қандай жетістіктерге жетті

Машина жасау – кез келген индустриалды дамыған мемлекет үшін ең маңызды салалардың бірі. Бұл агроөнеркәсіп кешенін, энергетика мен металлургия, көлік және экономиканың басқа да саларының тұрақты негізде жұмыс істеу үшін қажетті жабдықтармен, станоктармен, халықтың тұтынуына арналған тауарлар түрімен қамтамасыз етеді.

Отандық машина жасау – ел экономикасында жаңа технологиялық парадигмаларға көшуді, сонымен қатар қазірдің өзінде кең тараған төртінші парадигманы дамытуды қамтамасыз ететін ең маңызды сала болып отыр. Дегенмен, бүгінгі жағдайда бұл машина жасау саласын модернизациялауды, бәсекеге қабілетті емес өндірістік аппаратын жедел жаңғыртуды, техникалық жағынан қайта жарақтандыруды қажет етеді. Бұл мәселені шешу тек қаржыландыру тұрғысынан ғана емес, сонымен бірге осы процестерді реттеудің тиімді саясатын әзірлеу керек екенін, оған мемлекет тарапынан қолдау болуы тиіс.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылы 1 қыркүйектегі жолдауында ел экономикасын дамытып, мемлекеттің индустриялық әлеуетін толықтай ашу үшін машина жасау саласына, жалпы өнеркәсіп саласын дамыту қажеттігін атап өткен еді.


«Қазақстанның алдында тұрған аса маңызды міндет – өнеркәсіптік әлеуе­тімізді толық пайдалану. Осы саладағы табыстарымызға қара­мастан, ішкі нарықтың зор мүмкіндіктерін әлі де болса толыққанды жүзеге асыра алмай келеміз. Өңделген тауарлардың үштен екісіне жуығы шетелден әкелінеді. Ұлттық экономиканың стратегиялық қуатын арттыру үшін тез арада қайта өңдеу ісінің жаңа салаларын дамыту қажет. Бұл қара және түсті металлургия, мұнай химиясы, көлік құрастыру және машина жасау, құрылыс материалдары мен азық-түлік өндіру және басқа да салаларды қамтиды. Сапалық тұрғыдан мүлде жаңа ұлттық индустрияны дамыту үшін жаңғыртылған заңнамалық негіз қажет», - деген еді ел президенті.

                                    Индустрияландыру бағдарламасы

Индустряландыру бағдарламасы Қазақстанның машина жасау саласына толықтай өзгеріс әкелді. Бағдарлама жүзеге асқан жылдарда машина жасау ең серпінді дамып келе жатқан салалардың біріне айналды. Мәселен, ондағы өндіріс көлемі 3 есеге жуық өсіп, 2018 жылы 1 триллион теңгеден асқан. 2019 жылы жоғары өсім динамикасы жалғасын тапты. Сарапшылардың пікірінше, бүгінде республикада экономиканың басқа салаларын дамытуға мүмкіндік беретін заманауи және қарқынды дамып келе жатқан машина жасау саласы қалыптасты.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің мәліметінше, машина жасау саласында индустрияландыру бағдарламасын жүзеге асқан уақытта жалпы құны 276 миллиард теңгеге жуық қаражатқа 114 жоба жүзеге асырылып, 11 мыңға жуық жұмыс орны құрылған.

Соңғы 10-15 жылда жиынтық және қосымша бөлшектерді өндіруден басқа, толыққанды өнімдерді өндіруге көшті. Мәселен, олардың қатарында тепловоздар, электровоздар, жолаушылар және жүк вагондары, жүк және жеңіл автомобильдер, автобустар, астық жинайтын комбайндар, элеваторлар және басқа да жоғары технологиялық өнімдер бар.

Сондай-ақ, өнімдердің жаңа түрлері де пайда бола бастады. Оның ішінде локомотивтер, трансформаторлар, байланыс құралдары, оптикалық құралдар, электронды бөлшектер, электронды жарық беру жабдықтары, теміржол техникасы секілді жаңа өнім түрлерін атап өтуге болады.

          Саланы дамытудың 2019-2024 жылдарға арналған Жол картасы

Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Қазақстан машина жасаушылар одағы бірлесіп машина жасауды дамытудың 2019-2024 жылдарға арналған жол картасын әзірледі. Бұл Қазақстанда машина жасауды дамытудың Жол картасы машина жасау саласын дамытудың стратегиялық көзқарасына айналуы тиіс. Жалпы, бұл құжат отандық машина жасау кәсіпорындарының бәсекеге қабілеттілігін арттыру, жаңа технологияларды енгізу және саланың экспорттық әлеуетін арттырудың негізгі міндеттерін айқындауға бағытталған.


Жол картасы отандық кәсіпорындарды шикізатпен қамтамасыз ету, сатып алудағы жергілікті қамту үлесін арттыру, техникалық реттеу шараларын жетілдіру, экономикалық ынталандыру тетіктерін енгізу шараларын зерделеуге және дамытуға бағытталған. Сондай-ақ, жол картасын жүзеге асырудың нәтижесі әлеуметтік аспектіге де әсер етеді – салада жұмыспен қамтылғандар саны артып, еңбекақының көлемі артпақ.

                                    Өнеркәсіпті дамыту қоры құрылды

2020 жылдың қыркүйек айында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Өнеркәсіпті дамыту қоры құрылды.

Мұның сәтті жүзеге асқан баламасы Ресейде, Беларуссияда, ЭЫДҰ елдерінде бар. Бұл қорлар жылына 1-4% мөлшерлемемен несие береді, лизингтік жобалар үшін несие бойынша пайыздық мөлшерлеме 1% құрайды. Ресей тәжірибесі бойынша, қор өз қаражатын станок жасауды, конверсиялауды, жинақтаушы бұйымдарды өндіруді, өнеркәсіпті цифрландыруды, еңбек өнімділігін арттыруды қаржыландыруға бағыттайды. Қор қызметінің тиімділігі саланы қолдаудың жалпы саясатының бір ұйымға шоғырлануымен, мемлекеттік қолдаудың тиімділігіне нақты мониторинг пен талдаудың болуымен түсіндіріледі. Сонымен қатар, мемлекет басшысы өңдеу өнеркәсібінің өндірісін бес жыл ішінде кем дегенде 1,5 есе арттыруды тапсырды.

Бұдан бөлек, Жол картасы аясында отандық машина құрылысы өнімдерінің экпортын арттырып, қолданыстағы қуат көзін жаңғыртқан кәсіпорындарға салық преференцияларын енгізілмек. Салаға жаңа инвесторларды тарту, кәсіпорындарды жаңа технологиямен жабдықтау, сонымен бірге айналым капиталын толтыруға қосымша қаражатпен қамтылмақ. Жол картасында көрсетілген барлық іс-шара отандық машина жасау өнеркәсібінің өндіріс көлемі мен еңбек өнімділігін кемінде 2 есеге, сондай-ақ экспортты 1,2 есеге арттыруға ықпал етпек.

                                           Қазақстан машина жасау одағы


Қазақстан машина жасау одағының басты мақсаты - отандық машина жасау саласын қолдау және дамыту, отандық машина жасау кәсіпорындарын біріктіру. Аталмыш одақтың басты миссиясының бірі - отандық машина жасау саласының бәсекеге қабілетті болуын, сонымен қоса экспорттарлатын өнімдер сапасы мен санын арттыру. Оның құрамында 600 машина жасаумен айналысатын кәсіпорын бар. Еуропа мен Азияның 13 халықаралық қауымдастығымен тығыз байланыс жасайды.

                                     Машина жасаушылар форумы

Аталған одақ жыл сайын халықаралық сарапшылардың қатысуымен Қазақстан машина жасаушылардың форумын өткізеді. Одақ құрылғалы бері машина жасаушылардың 8 форумы ұйымдастырылды. Оған 1000-нан астам делегат, жетекші қазақстандық және шетелдік (әлемнің 30-дан астам елінен) машина жасау кәсіпорындарының басшылары, орталық мемлекеттік органдардың өкілдері, квазимемлекеттік сектор, даму институттары, бизнес-қауымдастықтар және машина жасау өнімдерін тұтынушылар қатысты.

Форумдарда саланы дамытудың, инвестиция мен инновацияларды тартудың, кооперативтер құрудың өзекті мәселелері талқыланады. B2B кездесулері, коворкинг, коммуникациялар, саланы одан әрі дамыту бойынша ұсыныстар ұсынылады.

Өткен жылы аталған форум онлайн режимде өтсе, биыл елдегі эпидемиологиялық жағдайдың жақсаруына байланысты офлайн ұйымдастырылған еді. Тоғызыншы мәрте өткен форумда мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хат жіберіп, форумның ашылуымен құттықтаған еді.


«Пандемияға қарамастан, отандық машина жасаушылар – экономикалық көрсеткiш­тер бойынша көшбасшылар қата­рында. Сала көрсеткiшi 24 пайыз­­ға артты. Бұл – өңдеушi өнеркәсiп секторының дамуына қо­сылған елеулi үлес. Индус­т­рия­­ландырудың алғашқы он жы­лында өңдеу өнеркәсiбiнiң экономиканың дамуына қосқан әсерi тау-кен өндiру саласының үлесiнен асып түстi. Қазақстандық машина жасаушылар қойылған мiндеттердi лайықты орындауда. Шығарылатын бұйымдар номенклатурасын кеңейтiп, жаңа технологиялық әзiрлемелердi енгiзуде. Жалпы, елдегi эко­но­микалық өзгерiстер көшбасшы­ларының қатарында келедi», делiнген президенттiң құттықтау хатында.

Аталған форум өткен жылдар iшiнде өзiн индустриядағы басты салалық оқиға ретiнде танытты, сонымен бiрге әрi коо­перациялық байланыстарды дамыту үшiн бiрегей платфор­ма ретiнде қалыптасты. Форум шең­берiнде Машина жасауды да­мытудың 2019-2024 жылдарға арналған жол картасын iске асыру барысы туралы панельдiк пiкiрталастар, машина жасау саласы үшін кадрлар даярлау, машина жасаудың басым кіші салалары бойынша секциялық отырыстар, халықаралық мұнай-газ операторларымен, қатты пайдалы қазбаларды жер қойнауын пайдаланушылармен сатып алу және жергілікті қамтуды дамыту тақырыбында дөңгелек үстелдер өткізілген еді.

                              Машина жасау саласының қазіргі жетістіктері

Соңғы статистикалық мәліметтерге сүйенсек, қазіргі таңда машина жасау саласымен 3 мыңнан астам кәсіпорын айналысады. Ол өнеркәсіп орындарында 120 мың адам қызмет атқарып жүр. Бүгінде елемізде Siemens, General electric, Alstom, Hyundai, Claas секілді халықаралық алпауыт компаниялар жұмыс істейді. Бұл да саланың белгілі бір деңгейде даму жолына түскенін аңғартады.

Саладағы өндіріс көлемі соңғы он жылда 376 млрд теңгеден 1,8 трлн теңгеге дейін артып, 5 есеге өскен. Биылғы қорытынды бойынша, өндіріс көлемі көлемі 2 трлн теңгеден асады деп жоспарланып отыр. Ал, 2021 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында өндіріс көлемі - 1,6 трлн теңгені құраған. Өсім – 23%.


Бүгінде еліміздегі машина жасаумен айналысатын кәсіпорындар өнімдерін шет мемлекеттерге экспорттап жүр. Ол елдердің қатарында Ресей, Қытай, Орта Азия, Европа, Біріккен Араб Әмірліктері секілді дамыған мемлекеттер бар. Мәселен, өткен жылы машина жасау өнімдері 1,3 млрд АҚШ долларға экспортталды. Бүгінде қуантатын тағы бір жайт, экспорт өнімдері кеңейтілгендігі. Мәселен, теміржол бұрмалары, рельстер, локомотив және вагон, трансформатор, аккумулятор, кабель өнімдері секілді өнім түрлері шетелге шығарылып жатыр.

Машина жасаушылар одағы үкіметпен, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігімен бірлесіп Машина жасауды дамыту жөніндегі 2019-2024 жылдарға арналған Жол картасын жаңартты. Одақ ұсынатын барлық іс-шара өндіріс көлемін 2 есеге арттыруға, шамамен 840 млрд теңге инвестиция тартуға, импортқа тәуелділікті азайтуға, экспорт пен салық салынатын базаның үлесін ұлғайтуға мүмкіндік бермек.

                         Машина жасау саласындағы жаңа мамандықтар

Мамандардың болжамы бойынша, 2025 жылға қарай машина жасау саласында 7 мамандық жойылып, 10-ға жуық жаңа мамандық пайда болады. Сонымен қоса, 13-і трансформацияланады деп күтілуде.

Сарапшылар құрастырған Қазақстан Республикасының жаңа кәсіптер атласына сәйкес, 2025 жылға қарай секторда BIG DATA аналитиктері (өндірістік), киберқауіпсіздік мамандары (өнеркәсіптік), жобалау инженерлері, болжамды диагностика мамандары пайда болмақ. Олардың сөзінше, өнеркәсіптік робототехника дизайнерлері мен виртуалды прототиптеу мамандары 2030 жылға қарай пайда болады деп күтілуде. 2030–2035 жылдары радиофотоника құрылғыларының инженер-конструкторлары мен нанофотоника мен метаматериалдар мамандары пайда болады деп болжануда.

Мамандардың пікірінше, тағы 13 мамандық трансформацияланады. 2025 жылы слесарьлар мен жөндеушілерді модульдік жөндеу операторларымен, сапаны бақылау жөніндегі техниктерді – сапаны бақылау 2,0 техниктерімен, дәнекерлеушілерді – дәнекерлеу жабдықтарының операторларымен ауыстыруы мүмкін.


Сонымен қатар, 2025 жылы атлас мамандарының болжамы бойынша есепші және есепшінің көмекшісі сияқты мамандық жойылады.

Еске салайық, өткен жылы Мемлекет басшысы жасанды интеллект форумында процестерді роботтандыру мен механикаландыруға байланысты банкир, есепші, кассир, курьер, жүргізуші сияқты ескірген мамандықтардың жойылып кетуіне дайын болуымыз керек екенін атап өткен болатын.

Жалпы, қорыта айтқанда, отандық машина жасау саласының потенциалы өте жоғары. Сарашылардың пікірінше, импортты алмастырудың арқасында бір жыл ішінде 16,6 млрд АҚШ доллары көлеміндегі тауарды өндіруге мүмкіндігіміз бар. Әсіресе, мұнай-газ техникасы, электр жабдықтары секілді салаларда. Дегенмен, қазіргідей әлемді жайлаған дағдарыс салдарынан саланың дамуы кешеуілдегенімен, болашақта барлық жоспар мен іс-шаралар жүзеге асады деген сенімдеміз.