Жаңалықтар
«Мәміле» тілдесу клубы ашылды
03 Ақпан 2019 11:01Қарағанды облысы әкімі аппараты «Қоғамдық келісім» КММ-мен бірлесіп Қарағанды облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының жанындағы «Ресурстық тіл орталығы» КММ ү.ж. 27 қаңтарда «Мәміле» тілдесу клубының алғашқы отырысын өткізді.
Алғашқы кездесудің спикері ретінде полиглот, қазақ тілін үйрету бойынша авторлық әдістемесі бар Астана қаласындағы «Мәміле-Тен» қазақ тілі клубын ұйымдастырушысы Владислав Тен шақырылды.
«Мәміле» клубы тілді үйренгісі келетіндер мен оған көмек көрсететін, тілді меңгерген еріктілерге арналған диалог алаңы болып табылады. Клуб форматы қатысушыларға қазақ халқының тарихи және мәдени мұрасын, салт-дәстүрлерін, менталитетін және өмірлік құндылықтар жүйесін зерделеу арқылы мемлекеттік тілді үйренуді көздейді, бұл тілді меңгеруге ғана емес, сонымен қатар жеке және қоғамдық деңгейлерде өзара түсіністік пен келісімді орнатуға әкеледі.
«Мәміле» тілдесу клубы ниет білдірушілерге мемлекеттік тілде әңгімелесу арқылы тілдік ортада меңгеруге мүмкіндік береді, сондай-ақ Қанат Тасыбеков әзірлеген «Ситуативный казахский» әдісін қолдана отырып, ұлттық менталитеттің ерекшеліктері, тарихтың өзіндік фактілері, фольклорлық ұғымдар, қазақ халқының құндылықтар жүйесі мен басымдылықтары арқылы тілді оқуға мүмкіндік береді.
Қазіргі таңда клубтың екі отырысы сәтті өткізіліп, қазақ тілін меңгеруге ниет білдірген қазақ және өзге ұлт өкілдерін қосқанда жалпы 47 адам қамтылды.
Клуб отырыстары әр жексенбі сайын сағат 16.00-де «Достық үйінде» өткізіледі. Тіркелу үшін 8 747 891 31 79 нөміріне хабарласуға болады.