


Жаңалықтар
«Сауатты жарнама-сауатты кәсіпкер» акциясы
28 Ақпан 2024 17:30Құрметті кәсіпкер!
2024 жылға арналған іс-шаралар жоспарына сәйкес «Көрнекі ақпарат пен жарнама тілін біріздендіру» әлеуметтік жобасын іске асыру аясында Қарағанды қаласында «Сауатты жарнама-сауатты кәсіпкер» акциясы өтуде.
Кез келген көрнекі ақпарат, оның ішінде сіздің тауарыңыз бен қызметіңіз туралы жарнамалар немесе хабарландырулар тіл және жарнама туралы заңнама талаптарын сақтай отырып ресімделуі тиіс екендігіне назар аударамыз.
Қазақстан аумағында барлық көрнекі ақпарат, оның ішінде жарнама мемлекеттік тілде таратылады. Қажет болған жағдайда орыс және (немесе) басқа тілдерде орналастыруға болады.
Біз сіздің жарнамаңызды немесе басқа да көрнекі ақпаратыңызды қазақ тіліне ТЕГІН аударып беруге дайынбыз.
Ол үшін жедел желі қызметіне хабарласыңыз: +7 775 163 00 00
«Қазақстан Республикасындағы тiл туралы» Қазақстан Республикасының Заңы (21-бап)
Деректемелер мен көрнекі ақпараттың мәтіндері орфография нормалары және мәтіннің теңтүпнұсқалы аудармасы сақтала отырып жазылады.
Мемлекеттік емес ұйымдардың маңдайшалары мемлекеттік тілде, қажет болған кезде орыс тілінде және (немесе) басқа тілдерде де орналастырылады. Қазақстан Республикасында қорғалатын, мемлекеттік емес ұйымдардың маңдайшаларында пайдаланылатын тауар белгілері өзгермеген түрінде жазылады.
Егер Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде өзгеше көзделмесе, хабарландырулар, жарнама, прейскуранттар, баға көрсеткiштерi, ас мәзірлері, нұсқағыштар және басқа да көрнекi ақпарат мемлекеттік тілде, қажет болған кезде орыс тілінде және (немесе) басқа тiлдерде де орналастырылады.
Қазақстанда өндiрiлетiн тауарлардың арнайы мәлiметтер көрсетiлген тауарлық жапсырмаларында (этикеткаларында), таңбаламаларында, нұсқаулықтарында мемлекеттiк тiлде және орыс тiлiнде қажеттi ақпарат болуға тиiс.
Шетелде өндiрiлген тауарлардың арнайы мәлiметтер көрсетiлген тауарлық жапсырмалары (этикеткалары), таңбаламалары, нұсқаулықтары импорттаушы ұйымдардың қаражаты есебiнен мемлекеттiк тiлдегi және орыс тiлiндегi аудармасымен қамтамасыз етiледi.
Деректемелер мен көрнекі ақпараттың барлық мәтiнi мынадай ретпен: мемлекеттiк тiлде - сол жағына немесе жоғарғы жағына, орыс тiлiнде он жағына немесе төменгi жағына орналасады, бiрдей өлшемдегi әрiптермен жазылады. Қажеттiгiне қарай деректемелер мен көрнекі ақпараттың мәтiндерi қосымша басқа да тiлдерге аударылуы мүмкiн. Бұл жағдайда қарiп өлшемi нормативтiк құқықтық актiлерде белгiленген талаптардан аспауға тиiс. Ауызша ақпарат, хабарландыру, жарнама мемлекеттiк тiлде, орыс және қажет болған жағдайда, басқа да тiлдерде берiледi.
«Жарнама туралы» Қазақстан Республикасының Заңы (6-бап)
Қазақстан Республикасының аумағындағы жарнама (мерзімді баспасөз басылымдарын, интернет-ресурстарды, ақпараттық агенттіктерді қоспағанда) қазақ тілінде, ал жарнама берушінің қалауы бойынша орыс тілінде және (немесе) басқа тілдерде де таратылады.
Жарнама мазмұнының аудармасы оның негiзгi мағынасын бұрмаламауға тиiс.
«Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Қазақстан Республикасының Заңы (24-бап)
Сатушы (дайындаушы, орындаушы) тауар (жұмыс, көрсетілетін қызмет) туралы, сондай-ақ сатушы (дайындаушы, орындаушы) туралы "Қазақстан Республикасындағы тіл туралы" Қазақстан Республикасы Заңының талаптарына сәйкес келетін қазақ және орыс тілдеріндегі ақпаратты беруге міндетті
«Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Қазақстан Республикасының Кодексі (75-бап).
Деректемелер мен көрнекi ақпаратты орналастыру жөнiндегi талаптар бұзылған жағдайда:
1) Ескерту;
2) Әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған жағдайда айыппұл салынады:
5 АЕК - лауазымды адамдарға, шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне немесе коммерциялық емес ұйымдарға;
10 АЕК - орта кәсiпкерлiк субъектiлерiне;
25 АЕК – iрi кәсiпкерлiк субъектiлерiне.
Жеке тұлғалардың тiл таңдау құқықтарын шектеу, тiлдік белгілері бойынша кемсiту болған жағдайда:
1) лауазымды адамдарға 10 АЕК мөлшерiнде айыппұл салынады;
2) Әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталанса, 20 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады.