ҚАРАҒАНДЫДА: 21°C
  • USD 447.40
  • EUR 477.55
  • RUB 4.76
Нашар көретіндер үшін
Карта
Мекенжайы Ғабиден Мұстафин көшесі,6/4
Телефон
Байланыс телефоны +7 (7212) 78-04-09 +7 (7212) 78-10-86

Жаңалықтар

Жаңа графиканы таныту жұмысы жалғасуда

09 Қыркүйек 2020 16:30

Қазіргі уақытта жастардың көбісі латын әліпбиін қолданатын шет тілдерін білуге ынталы. Ақпараттың компьютерлік жүйеге көшуі, интернеттің қолданылуы, батыс мәдениетінің теледидар, кино арқылы ықпалы, еуропалық сапа, талап – осының бәрі біздің қоғамымызды латын әліпбиіне итермелейтін алғышарттар болмақ. Қазақ жазуын латыннегізді графикаға ауыстырған жағдайда әліпбиді жаңғырту арқылы тіліміздің кемел болашағын қалыптастыруға мүмкіндігіміз артады. Оның үстіне латын әліпбиі жаңа технология тілі, ғаламтор тілі екені белгілі. Нақты мәліметтерге сүйенсек, қазіргі қолданыстағы кирилл жазуын әлемнің 12 мемлекеті пайдаланады екен. Дүниежүзі халқының 80%-ы латын әліпбиін қолданатыны және белгілі.

Бүгінгі күн тұрғысынан қарағанда латын графикасына бет бұру өте өзекті болып отыр. Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында: «Қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру жұмыстарын бастауымыз керек. Біз бұл мәселеге неғұрлым дәйектілік қажеттігін терең түсініп, байыппен қарап келеміз және оған кірісуге Тәуелсіздік алғаннан бері мұқият дайындалдық» дей келе, жазуды өзгертудің логикалық негізіне тоқталады. Жалпы, графиканы ауыстыру, түрлі нұсқаларын сарапқа салу жұмыстары 2017 жылдан бері қызу жүргізіліп келеді. Осы ретте Қарағанды облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы жанынан құрылған Ресурстық тіл орталығы да жаңалықтың жаршысы болып, жаңа қазақ графикасын насихаттау бағытында түрлі шаралардың ұйытқысы болып жүр. Мекеме жоспарына сай ересектер аудиториясына түрлі курс, тренинг, семинарлар ұйымдастырылып отырады.  

Жақында Қарағанды қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі мен Ресурстық тіл орталығының бірлесе ұйымдастыруымен бірнеше мекемеде, атап айтқанда,  кітапхана қызметкерлеріне, «Шахтер» стадионына, «Жаңа Майқұдық», «Хайуанаттар бағы» «Молодежный» мәдениет үйлерінің қызметкерлеріне «Латын графикасында оқу және жазу дағдысын қалыптастыру» тақырыбында  апталық курс өткізілді. Курс барысында Тыңдаушылар ZOOM платформасы арқылы жаңа әліпбимен танысып, оқылым, жазылым дағдыларын қалыптастырды. Сондай-ақ онлайн диктант жазып, салалық терминдердің жаңа әліпбиде жазылуын меңгерді. Практикалық тапсырмалар мен терминдер жасырылған судокуды жарыса орындады. Quizizz бағдарламасы арқылы викториналық ойын сұрақтарына жауап берді. Тапсырмаларды аса қызығушылықпен орындап, қатысушылар курс барысында белсенділік танытты. Мекеме қызметкерлеріне арналған курс қыркүйек айында да жалғасын табады.

Айтпақшы, жақында ғана қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру жөніндегі Ұлттық комиссия жанындағы Орфографиялық жұмыс тобының кезекті отырысы өткізілген болатын. Демек, жаңа әліпбидің жетілдірілген соңғы нұсқасының бекітілер уақыты да алыс емес екені анық.

                   

Ф.Боранғазы,

Қарағанды облысының тілдерді дамыту

 жөніндегі басқармасы жанындағы

Ресурстық тіл орталығының оқытушысы










Артқа қайту