ҚАРАҒАНДЫДА: 21°C
  • USD 447.40
  • EUR 477.55
  • RUB 4.76
Нашар көретіндер үшін
Карта
Мекенжайы Ғабиден Мұстафин көшесі,6/4
Телефон
Байланыс телефоны +7 (7212) 78-04-09 +7 (7212) 78-10-86

Жаңалықтар

Ақтөбе қаласында «Мемлекеттік тілді меңгертудің үздік тәжірибелері» атты республикалық семинар-тренинг өтті

25 Қараша 2019 08:30

Ү.ж. 21 қарашада Ақтөбе қаласында ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитеті Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының ұйымдастыруымен «Мемлекеттік тілді меңгертудің үздік тәжірибелері» атты республикалық семинар-тренинг өтті. Осындай тақырып аясында  шара 14 қарашада Қарағанды қаласында да өткен болатын.

Аталмыш шара қазақ тілі оқытушыларының әдістемелік біліктіліктерін шыңдау мақсатында өтті. Республикалық деңгейдегі шараға жолдың алыс-жақынына қарамастан еліміздің түкпір-түкпірінен ат терлетіп, қазақ тілі десе ішкен асын жерге қоятын тіл жанашырлары қатысты. Семинар басталмас бұрын ақтөбелік мамандар өз жетістіктері мен өнімдерін көрме барысында таныстырып өтті.

Ерекше көзге түскені кішкентай бүлдіршіндерге жаңа әліпбиді үйретуге арналған «Білімді балақай», «Күншуақ» деген журналдары болды. Бүлдіршіндер өлеңдер жинағын оқи отырып, суреттерді бояу арқылы жаңа әріптерді жазып үйренеді екен. Шараны Әлібек Асанбайұлы ашып берсе, Ғани Бектайұлы әрі қарай психологиялық тренинг жүргізу арқылы тыңдаушылардың назарын аударып, баурап алды. Соңғы буын өкілдері қазақтың бай тілін өзге ұлт өкілдеріне Ховард Гарднер, Стивен Крашен, т.б. әдістерімен ыңғайлай отырып үйрету тәсілдерін қолдану жолдарын көрсетті. Ақтөбе облысы тілдерді оқыту орталығының оқытушысы Гүлсайран Нұрланқызының септігімен Quizizz, Telegrem, Instagram желілері арқылы қазіргі заман талабына сай халықты қызықтыру, тың дүниелерді өз қажетімізге қарай қолдану жолдарын көрсетті. Қарағанды облысы Ресурстық тіл орталығының оқытушысы Боранғазы Фариза Ерланқызы баяндама оқып, орталықтың жаңа латыннегізді қазақ әліпбиін үйрету жөніндегі дүниелерін қатысушыларға таныстырды. 

Тыңдаушыларды сергіткен latynkaraoke жобасын ҚР Парламент мәжілісінің депутаты Оразкүл Асанғазықызы ерекше мақтап өтті. Қазақ тіліне үлкен еңбегі сіңген апайымыз шара соңында өз тәжірибелерімен бөліскен мамандарға өз қолымен сертификат  табыстады. Республикалық семинар-тренинг барша қатысушылардың ойынан шығып, пікірлерімен бөлісіп, алғыстарын айтып тарқасты.










Артқа қайту