ҚАРАҒАНДЫДА: 7°C
  • USD 423.91
  • EUR 497.37
  • RUB 5.82
Нашар көретіндер үшін
Карта
Мекенжайы Кеншілер даңғылы, 64
Телефон
Байланыс телефоны +7 (7212) 25-51-90 +7 (7212) 25-34-00

Мақалалар

«Латын графикалы қазақ әліпбиіне көшудің маңызы» А. Ошағанованың мақаласы

17 Ақпан 2021 11:40

«Мәңгілік ел» болып қалыптасу –жарқын болашаққа бастар жол болса, латын әліпбиіне көшу-уақыт талабы.

Азияның кіндігінен ойып тұрып орын тепкен, бүгінде бірнеше елдермен бәсекелестік орнатып,  терезесі тең тұрған, 18 миллион халқы бар бүтіндей бір мемлекетті бір ғасыр бойы қолданып келген «кирилл» қаріпінен латын әліпбиіне көшіру – бір айда немесе бір жылда жүзеге аса салатын оңай іс емес. Мұндай үлкен жобаны іске асыру үшін біршама уақыт пен еңбектің қажет екендігі белгілі.

Қазақ тілі – халқымыздың тарихымен астасып, тірлігімен тыныстап жатқан тіл. Тілдің құндылығы тереңде жатыр. Ол қоғам рухын, мәдениеті мен ұлттық кодын білдіреді. Қазақ тілінің латын графикасына көшу мәселесі ұлтты дамытудың объективті факторы. Латын – әлем өркениеті мен техникалық өркениеттің әліпбиі.

Ұлы Дала елінің тарихына көз жүгіртсек, бірінші тұғырлы байлық – жер, екіншісі – тіл, үшіншісі – мемлекет және оның тарихы болуы керектігі айқындалады. Ағартушы-педагог ғалым Ахмет Байтұрсынұлы айтып кеткендей, «Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тілі» деген. Алаш қайраткерлері де латын әліпбиін жазу-сызуда қолданды. Біздің еліміз латын қарпін ісқағаз құжаттарында, әдебиет, мәдениет және басқа да барлық салаларда 1929-1940 жылдары пайдаланылғаны тарихтан белгілі.

Еліміздің латын әліпбиіне көшу ұлтымыз үшін жасалған маңызды қадамдардың бірі. Бүгінгі күнге дейін Тіл саласының білікті мамандары латын қарпіне негізделген қазақ әліпбиінің жобаларын жасауда қызу талқылауда ойларын да айтып бөлісті. Айта кетсек, солардың бірі – филология ғылымдарының докторы, профессор Әлімхан Жүнісбектің пікірі: «Латын әліпбиіне көшудің қиыншылығы қазіргі біздің қолданып жүрген әліпбиіміз қазақтың төл әліпбиі емес, орыс тілімен араласып кеткені, бізге өзге тілден енген дыбыстар араласып кетсе онда кедергілер туындайтынын, латын әліпбиіне төл дыбыстарымызды баптап, соның аясында көшуін және қазақ жазуына тек әліпби ауыстыру ғана емес, түбегейлі реформа керек екенін, ол реформа үш мәселені дыбыс, әліпби және емле ережені бірдей қамтиды – деп айтты.

          Көптеген ғалымдардың пікірін ескеретін болсақ, латын әліпбиіне көшу соншалықты қиындық тудырмайды. Біріншіден, латын әліпбиіне көшудегі негізгі ұтымдылық – тіл ауыспай, таңбаның ауысуы. Екіншіден, қарапайым тілмен жеткізсем, сөзді немесе дыбысты қалай естісек, жазылуын да солай жазамыз. Қазіргі кезеңде білім саласындағы жаңа реформаның жүзеге асырылуы да, яғни жаңартылған білім мазмұны осы латын әліпбиіне көшуде өз үлесін қосады деген ойдамын.

Біздің елімізде мемлекеттік тілді өркендету үшін латын әліпбиіне көшу – рухани жаңғыру көрінісі болмақ. Латын әліпбиіне көшу арқылы әлемдік ғылымның, инновациялық және ғылыми-техникалық прогрестің игілігін еркін меңгеруге ықпал ететін болады, сол себепті барлық қазақстандықтар ұрпақ болашағы үшін осы реформаны қолдауы керек.

Тәуелсіз елдің негізгі белгілерінің бірі ретінде жазудың маңызы өте зор. Біз латын әліпбиіне көше отырып, өркениетті елдердің қатарына қосылып, тіліміздің дыбыстық жүйелерін нақ анықтап, қазақ тілінің жазылуы мен дыбысталу кезінде сөздер қолданысындағы артық кірме сөздерден арыламыз.

         Қорыта келгенде, латын әліпбиіне көшу – ұлтымыздың санасын бұғаудан босатады, түркі және жаһандық әлемімен ықпалдасуға, қазақ халқы ертеден қолданған әліпбиімізге қайта оралып, ұлттық санамыздың қайта жаңғыруына жол ашады демекпін. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл», «Көз – қорқақ, қол – батыр», - деп дана халқымыз айтқандай, екі қолды сыбанып нақты нық қадаммен алға басайық!

 

                                                                                                                                                                                                                                                                                       

                                                                                                                                                                                                                                                           Ақгүл Ошағанова,                                                                                                                                                                                                                                                                                        «Тілтану» оқу-әдістемелік орталығы

Латын графикасы бойынша  оқытушы










Артқа қайту