ҚАРАҒАНДЫДА: 4°C
  • USD 448.15
  • EUR 483.46
  • RUB 4.86
Нашар көретіндер үшін
Карта
Мекенжайы Ғабиден Мұстафин көшесі,6/4
Телефон
Байланыс телефоны +7 (7212) 78-04-09 +7 (7212) 78-10-86

Мақалалар

«Латын графикасын меңгертуде қызмет саласын ескеру – оқытудың тиімді жолдарының бірі» Ж.О. Мұхаметжанованың мақаласы

28 Қазан 2019 09:11

«Біздің заманымыз – жазу заманы: жазумен сөйлесу ауызбен сөйлесуден артық дәрежеге жеткен заман. Сондықтан сөйлей білу қандай керек болса, жаза білу керектігі одан да артық»

 Ахмет Байтұрсынов

 

Қазіргі таңда Ресурстық тіл орталығы мамандары тарапынан жаңа әліпбиді оқытуға арналған бағдарлама әзірленді. Бағдарламаға қатысты бір мәселені естен шығармаған жөн.  Бірізге түскен ортақ бағдарламамен жұмыс істеу барысында аудиторияның сан алуандығы ескерілу керек. Осы орайда орталық мамандары тыңдаушылардың мамандықтарын ескере отырып, жаңа әліпбиді меңгерту ұстанымын басшылыққа алады.

Қай салада қызмет етпесін, кәсіби білікті маман жазу нормаларын жете меңгеруі тиіс. Осыған орай, мемлекеттік қызметшілерге латын графикасына негізделген жаңа емле ережелерін кәсіби саласын ескере отырып үйреткен орынды. Мәселен, салалық терминдерді латын әліпбиімен жазу талаптарын толық меңгертіп, ісқағаздарын өз бетімен сауатты түрде әзірлей алатындай дәрежеге жеткізу үшін кәсіби бағытта берілген мәтіндермен жұмыс істеген дұрыс. Нәтижесінде қазақ тілінде кәсіби қарым-қатынас жасау сөйлесімі қалыптасады, жаңа емледегі жаңалықтарды меңгеріп (ц-s, ё-ó, сөз мағынасы өзгермеген жағдайда сөз ортасындағы қос дауыссыздардың біреуі түсіріліп жазылатынын, сөздің түбірінде и және я әріптері қатар келген жағдайда и-дан кейін а жазылады), латын қарпінде оқу дағдысы жетіледі.

Орталықтың іс-шаралар жоспарына сәйкес, биылғы жылы медицина саласы мамандары үшін үш-төрт мәрте тренинг ұйымдастырылды. Емлені түсіндіру барысында оқылым дағдысын қалыптастыруға арналған мәтін сала бойынша алынды. Мәтінге назар аударайық:

Vaksına

     Vaksına mıkroorganızmderden alynady. Adam men janýarlar organızmine juqpaly aýrýlardan aldyn alý úshin egiledi.

     Juqpaly aýrýlarǵa qarsy egýdiń birneshe túrleri bar. Balalarǵa týberkýlóz, qyzylsha, sirespe, gepatıt, t.b. aýrýlarǵa qarsy vaksına egedi.

    Vaksına tiri, óltirilgen, hımıalyq, anatoksınder, asosıasıalanǵan bolyp bólinedi.

    Tiri vaksına mıkrobtardyń aýrýtýdyrǵysh qabiletin joıyp, ımýnıtet qalyptastyrý úshin alynady. Alǵash ret fransýz mıkrobıology L.Paster tiri vaksınany túınemege jáne qutyrý aýrýyna qarsy qoldandy.

Мәтінді оқу арқылы туберкулөз, ваксина, асосасиа, франсуз айтылымдары қалыптасады.

Мәтін тыңдаушылардың қабылдануына қиындық туғызбауы тиіс, себебі мәтіндегі салаға қатысты лексикалық минимуммен (сөз, сөз тіркестері, терминдер) тікелей байланысты. Жалпы, тапсырмаларды тыңдаушылардың сөзжұмсамдық ерекшеліктеріне қарай нақты нормаларға сәйкес ұсыну, латын әліпбиімен жазуды үйретудің тиімділігін арттыра түседі. Ең бастысы, жұмыстың нәтижесі болады. Тағы да нақты мысал келтіретін болсақ, «Латын графикасында жазып дағдыланамыз» тәжірибелік тренингі Қарағанды облыстық сотында жүйелі түрде өткізіліп, қазіргі уақытта заң саласына қатысты терминдер жинақталып, әзірленуде. Бұл арада ресми стильдің жазбаша түрін меңгеруге басымдық беріледі. Ресурстық тіл орталығында осы бағыттағы жұмыстар әрі қарай да жалғасын таппақ.

 

         Қарағанды облысының тілдерді дамыту
жөніндегі басқармасының жанындағы
Ресурстық тіл орталығының
әдіскері Ж.О. Мұхаметжанова

 










Артқа қайту