ҚАРАҒАНДЫДА: 20°C
  • USD 446.49
  • EUR 475.38
  • RUB 4.79
Нашар көретіндер үшін
Карта
Мекенжайы Ғабиден Мұстафин көшесі,6/4
Телефон
Байланыс телефоны +7 (7212) 78-04-09 +7 (7212) 78-10-86

Мақалалар

«Жаңа реформа жаңа тыныс сыйлауда» Ә.Б. Рышкеннің мақаласы

29 Шілде 2019 15:52

    Жаңа әліпбиге қадам басамыз дегеннен бері Қарағанды облысының аудан, қалаларының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімдеріне қазақ жазуын латын графикасына көшіруге жауапты маман-әдіскерлер алынды. Қазіргі уақытта Қарағанды облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының Ресурстық тіл орталығы мамандары тарапынан аталған бағытта әдістемелік көмек көрсетіліп, жұмыс жандануда.  Айта кету керек, бұл орталық облысқа қарасты қала және аудандар бойынша әдіскерлер дайындау және оларға әдістемелік көмек көрсету, түрлі акциялар өткізу, әртүрлі жобаларды қолға алуда тынымсыз еңбек етіп жүр. Мәселен, «Әдіскерге көмек», «Аудиодиктант жазамыз», «Латын-караоке», «Өзім туралы», «Бүгінгі ой», «Латынды қолда!» т.б. жобалары сәтті шыққан жобалар қатарынан орын алуда.

     Аталған іс-шаралар облыстан бастау алып, 2018 жылдан бері ауданымызда қарқынды түрде іске асып жатыр. Жаңа емле ережесін таныстыру мақсатында латын қарпінде жазуға дағдыландыру, латын әліпбиінде оқуға үйрету жұмыстары жүргізіліп, тренинг сабақтар өткізіліп келеді. Барлық іс-шаралар мен тренингтер жылдық жоспарға сәйкес жыл соңына дейін жүргізіліп отырады.

    Маман-әдіскерлер үшін біліктілікті арттыру мәселесі де шешімін тауып отыр. Осыған орай, ресурстық орталық мамандарымен қатар біз де ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитеті Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының ұйымдастыруымен Нұр-Сұлтан қаласында өткен 10 күндік оқуда жаңа әліпбидің жаңалығы, ұтымды тұстары мен кемшілігі, сабақ өткізуде қолданылатын әдіс-тәсілдер жайында біраз маңызды ақпараттармен сусындап қайттық.

     Бұл оқудың бізге берген пайдасы – латын әліпбиіне көшу жұмыстарының басы-қасында жүрген тіл жанашырларының өзінен тікелей дәріс алдық. Біз үшін бұлыңғыр болған тақырыптардың басы ашылды.

     Тіл мәселесіне келгенде біз бір дүниені ұмыт қалдырған екенбіз. Таразының бір жағы орфография (емле) болса, екінші жағын орфоэпия (сөздің дұрыс айтылуы) тұратыны назардан тыс қалған екен. Жазба тілі қалай дамыса, ауызша тіл де одан кем дамымауға тиіс. «Ауызша тіл» деген ұғымға жатсына қарауларыңыз мүмкін, бірақ орфоэпия проблемалары осы ұғыммен ғана кеңірек ашыла түседі. Ақерке, Ақнұр, уақыт, көбелек, Назқоңырлардың [Ағерке, Ағнұр, ұуақыт, көбөлөк, Назғоңыр] болатынын оқушыға үйретпестен қапыда қалдырып кетіппіз. Сауатты жазу бір бөлек, сауатты айту – бір бөлек дүние. Ақын [өлең] оқымайды, ол [өлөң] оқуға тиісті, балалар [өзенге] шомылмайды, олар [өзөнге] шомылғаны дұрыс.

    Байқайсыз ба, тіл мамандары болсақ та, орфоэпия заңдылықтарына сүйеніп сөйлеуге өзіміз де шорқақпыз. Алайда қазақ жазуын латын әліпбиіне көшіру үдерісінде оң-солымызды түгендеп, осындай дүниелер қолға алынып жатқаны көңіл қуантады. Екі ұшты ойлар, басы артық әріптер, екі түрлі нұсқада қолданылатын ережелердің біріздендірілетіні – жаңа реформаның жетістігі. Жаңа әліпбидің жаңалығы туралы әлі де жазылар дүние көп. Латын әліпбиімен тынысымыз тарылмайды деген сенімдемін.

 

Жаңаарқа ауданы Мәдениет және тілдерді дамыту

бөлімінің  латын графикасы бойынша

әдіскері Ә.Б. Рышкен










Артқа қайту