ҚАРАҒАНДЫДА: 4°C
  • USD 448.15
  • EUR 483.46
  • RUB 4.86
Нашар көретіндер үшін
Карта
Мекенжайы Ғабиден Мұстафин көшесі,6/4
Телефон
Байланыс телефоны +7 (7212) 78-04-09 +7 (7212) 78-10-86

Республика жаңалықтары

10 Желтоқсан 2021 14:41
Қосшы қаласында «Алтын домбыра» айтысы өтті

Бұл Қосшы қала мәртебесін алғаннан бері алғаш рет ұйымдастырылған додалы айтыс. Шараны айтыскер ақын, «Айтыс ақындары мен жыршы, термешілердің халықаралық Одағының» атқарушы директоры Еркебұлан Қайназаров жүргізді.

Ұлттық суырып салма өнеріміз - айтыс халық қазынасы, әдеби мол мұрасы. Қазақ халқының қанынан сіңген бұл өнер бүгінгі күнге дейін өшпей, керісінше жаңғырып, тамыр жаюы - ұлттық болмысымыздың бұлжымауы және тәуелсіз ел ретінде дамуымыздың арқасы деп білеміз. Қазақ жанының айнасындай болған айтыс қай заманда болмасын қилы тағдырды, тарихымызды көрсетіп, ұлттық болмысымызды, тұрмысымызды ерекшелеп, бүгінімізді бағдарлап, келешегімізді кемелдеп отырған.

4c17add9-4dbf-46a5-9be8-aa529de9ecd0.jpg

Түрлі заманда айтыс өнері сахнадан ғана емес, санадан да ығыстырыла бастағанда тәуелсіздіктің таңы атты. Бұл хас өнеріміздің тамырына қайтадан қан жүгіртіп, рухымызды асқақтатып, қазақ ақындарының еңсе тіктеуіне ықпал етті. Тәуелсіздігімізді алған жылдардан бері өшпес өнерімізге мемлекеттік деңгейде ерекше көңіл бөлініп, кең тарауына мүмкіндік жасалуда. Осылайша, бүгінгі таңда елімізде жас, тәуелсіздіктің құрдас-ақындарының қатары қалыптасып, олар ұлттық өнерімізді жастар арасында дәріптеуде.

Осы орайда, Қосшы қаласының әкімдігі тәуелсіздік жылдарында дүниеге келген 30 жасқа дейінгі жас айтыскер ақындар арасында “Алтын домбыра” айтысын өткізді.

“Бұл Қосшы қала мәртебесін алғаннан бері өткізіліп отырған алғашқы айтыс. Алдағы уақытта мұндай мәдени іс-шараларымыздың қатары көбейіп, қаламыздың мәдени-рухани дамуы артатын болады. Бүгінгі Қосшы қаласындағы “Алтын домбыра” айтысы - Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығын дәріптеу, жас ақындардың өнерін паш ету және қаламыздағы өнер сүюші қауымды құрметтеу, рухани байлық сыйлау мақсатында ұйымдастырылды” деп атап өтті Қосшы қаласы әкімінің орынбасары Берген Жұмкей.

e9707fda-61d8-4733-bdf7-962914f6eee4.jpg

Айтыстың финалына Ердәулет Ыбыраев пен Ғалым Еркінбек шығып, келген халықты суырып салма өнерімен тамсандырды. Әділқазылар алқасының шешімімен бірінші орын Ердәулет Ыбыраевқа берілсе, бас жүлдені Ғалым Еркінбек ұтып алды.

Бас жүлдеге Қосшы қаласы әкімдігінің тапсырысымен арнайы жасалған домбыра табысталды және барлық қатысушыларға қаржылай сыйлық берілді.